Қазіргі таңда цифрлық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Смартфон, планшет, теледидар және компьютер күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылады. Әсіресе кішкентай балалардың гаджетке ерте қызығушылық танытуы ата-аналарды алаңдататын маңызды мәселеге айналып отыр. Көп жағдайда гаджет балаға уақытша тыныштық сыйлағанымен, оның ұзақ мерзімді әсері баланың психологиялық, физиологиялық және әлеуметтік дамуына кері ықпал етуі мүмкін.

 

Баланың ерте жастағы дамуы тірі қарым-қатынас, қозғалыс, ойын және қоршаған ортаны сезіну арқылы қалыптасады. Ал экран алдындағы ұзақ уақыт табиғи дамудың орнын алмастыра алмайды.

 

1. Психикалық және зияткерлік дамудың тежелуі.

Ерте жастағы бала әлемді көру, ұстау, иіскеу, тыңдау және ересектермен тікелей сөйлесу арқылы таниды. Гаджеттер бұл табиғи процесті шектейді.

Сөйлеу тілінің кешігуі. Бала тілінің дамуы ең алдымен ересектермен диалог арқылы қалыптасады. Ал телефон немесе планшет баламен шынайы қарым-қатынас жасамайды.

 

Нәтижесінде:

  • сөздік қоры азаяды;
  • сөйлем құрау қабілеті баяу дамиды;
  • дыбыстарды дұрыс айтуда қиындықтар туындайды;
  • сөйлеу белсенділігі төмендейді.

Кейбір балалар гаджеттегі бейнелерді жақсы танығанымен, өз ойын жеткізуде қиналады.

Зейін мен есте сақтау қабілетінің әлсіреуі. Экрандағы бейнелердің жылдам ауысуы баланың миын шамадан тыс қоздырады.

 

Соның салдарынан:

  • бала ұзақ уақыт бір іске назар аудара алмайды;
  • тез жалығады;
  • оқу материалын қабылдауы қиындайды;
  • есте сақтау қабілеті төмендейді.

Бұл жағдай мектеп жасында сабаққа зейін қоймау мен үлгерімнің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Қиял мен шығармашылықтың төмендеуі. Шынайы ойын барысында бала өз қиялын дамытады, түрлі рөлге енеді, ойлап табады. Ал гаджет дайын ақпарат ұсынатындықтан, баланың өздігінен ойлану және елестету қабілеті әлсірейді.

 

2. Әлеуметтік бейімделу мен мінез-құлықтағы өзгерістер.

Гаджетке тәуелділік баланың қоршаған ортамен байланысын әлсіретеді.

 

Экран алдында көп уақыт өткізетін балалар:

  • құрдастарымен тез тіл табыса алмайды;
  • ойын ашық жеткізуде қиналады;
  • ұжымдық ойындарға қызықпайды;
  • эмоцияны түсіну және жанашырлық таныту қабілеті төмен болады.

Агрессия және ашушаңдық. Гаджетті ұзақ пайдаланған балаларда жүйке жүйесінің қозуы байқалады. Әсіресе гаджетті алып қойған кезде:

жылау;

  • ашулану;
  • айқайлау;
  • агрессивті әрекеттер көрсетуі мүмкін.

Бұл баланың эмоционалдық өзін-өзі реттеу қабілетінің әлсіздігін көрсетеді. Тәуелділіктің қалыптасуы. Уақыт өте келе бала гаджетсіз өзін жайсыз сезінеді. Бұл:

  • шынайы өмірге қызығушылықтың төмендеуіне;
  • жалғыздыққа бейімділікке;
  • эмоционалдық тәуелділікке әкелуі мүмкін.

3. Физиологиялық денсаулыққа тигізетін зияны.
Көру қабілетінің нашарлауы. Экранға ұзақ және жақын қарау көз бұлшықеттеріне күш түсіреді. Соның салдарынан:

  • көздің шаршауы;
  • құрғауы;
  • көру өткірлігінің төмендеуі;
  • миопия (жақыннан көру) дамуы мүмкін. 

Омыртқа мен дене бітімінің бұзылуы. Телефонға үнемі еңкейіп отыру:

  • омыртқаның қисаюына;
  • мойын мен арқа бұлшықеттерінің әлсіреуіне;
  • дұрыс дене қалпының бұзылуына себеп болады.

Қозғалыс белсенділігінің азаюы. Белсенді ойынның орнына экран алдында ұзақ отыру:

артық салмақтың пайда болуына;

  • бұлшықет әлсіздігіне;
  • тез шаршауға;
  • иммунитеттің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Ұйқы режимінің бұзылуы. Экраннан бөлінетін көк жарық ұйқы гормоны – мелатониннің бөлінуін тежейді. Соның салдарынан:

  • бала кеш ұйықтайды;
  • ұйқысы тыныш болмайды;
  • таңертең шаршаңқы тұрады;
  • күндіз ашуланшақ болады.
  •  

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ (ДДҰ) ҰСЫНЫСТАРЫ:

  • 2 жасқа дейінгі балаларға гаджет мүлдем берілмеуі керек;
  • 2–5 жас аралығында күніне 30–40 минуттан аспауы қажет;
  • гаджет тек ата-ананың бақылауымен қолданылуы тиіс;
  • ұйықтар алдында экран қарауға болмайды.

 

АТА-АНАЛАРҒА ҰСЫНЫСТАР:


1.     Балаға өзіңіз үлгі болыңыз.
Бала ересектердің әрекетін қайталайды. Егер ата-ана үнемі телефон қарап отырса, бала да соны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды.


2.     Гаджетті пайдалы әрекетпен алмастырыңыз.


Балаға:

  • кітап оқу;
  • сурет салу;
  • ермексазбен жұмыс;
  • конструктор құрастыру;
  • үстел ойындары;
  • таза ауада серуендеу;
  • спорттық ойындар ұсынған жөн.

3. Отбасылық қарым-қатынасты күшейтіңіз.


Күн сайын балаңызбен:

  • сөйлесуге;
  • бірге ойнауға;
  • ертегі оқуға;
  • эмоцияларын тыңдауға уақыт бөліңіз.

Бұл оның эмоционалдық тұрақтылығын қалыптастырады.

 

4. Үйде «цифрлық шектеу» ережесін енгізіңіз.


Келесі уақытта гаджет қолдануға болмайды:

  • тамақтану кезінде;
  • отбасы мүшелерімен сөйлескенде;
  • ұйықтар алдында 1–2 сағат бұрын.

5. Гаджетті марапат немесе жаза ретінде қолданбаңыз.

«Тыңдамасаң – телефон бермеймін» немесе «жақсы болсаң – телефон беремін» деген тәсіл гаджетке деген тәуелділікті күшейтеді.

 

ҚОРЫТЫНДЫ:

Гаджет – пайдалы құрал, алайда оны дұрыс және мөлшермен қолдану өте маңызды. Баланың толыққанды дамуы үшін ең қажеттісі – ата-ананың назары, тірі қарым-қатынас, қозғалыс пен шынайы эмоциялар. Балаға бөлінген уақыт пен мейірім ешқандай технологияның орнын алмастыра алмайды. Баланың денсаулығы мен болашағы – ата-ананың қолында.

 

 

 

Тәрбиеші: Бурабай Арайлым Қанатқызы