Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – қоғамның, ата-ананың және педагогтардың ең басты міндеттерінің бірі. Қазіргі таңда жол қозғалысының қарқындылығы артып, көшелерде көлік саны көбейген сайын балалардың жол-көлік оқиғаларына ұшырау қаупі де жоғарылап отыр. Әсіресе мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушылары жолдағы қауіпті толық бағалай алмайды, өйткені олардың назар тұрақтылығы, жылдам шешім қабылдау және қауіп-қатерді алдын ала сезіну қабілеті әлі толық қалыптаспаған.
Сондықтан баланы ерте жастан бастап көшеде өзін дұрыс ұстауға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үйрету өте маңызды. Жол қауіпсіздігі бойынша жүргізілетін тәрбиелік жұмыс тек балабақша немесе мектеппен шектелмей, ең алдымен отбасында жалғасуы тиіс.
1. Жаяу жүргіншілер ережесін үйрету
Бала жолда жүрудің негізгі қағидаларын нақты білуі керек. Ата-аналар күнделікті серуен кезінде жолдан дұрыс өту тәртібін көрсетіп, оны тәжірибе арқылы үйреткені жөн.
Балаға:
- жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өту;
- бағдаршамның тек жасыл түсінде жүру;
- жолдан өтер алдында міндетті түрде алдымен сол жаққа, кейін оң жаққа қарау;
- көлік толық тоқтамайынша жолға шықпау;
- жүгіріп өтпеу және кенеттен жолға шықпау қажеттігін түсіндіру қажет.
Кейбір балалар көліктің алыста тұрғанын көріп, үлгеремін деп ойлайды. Алайда жүргізуші тежегішті бірден басқанымен, көлік бірден тоқтамайды. Осыны балаға қарапайым тілмен түсіндіріп отырған маңызды.
2. Аула ішіндегі қауіпсіздік
Көптеген ата-аналар ауланы қауіпсіз аймақ деп есептейді. Бірақ статистика бойынша балалардың қатысуымен болатын көптеген жол-көлік оқиғалары дәл аула ішінде орын алады.
Ауладағы қауіптердің негізгі себептері:
- тұрақта тұрған көліктердің көп болуы;
- жүргізушінің баланы байқамай қалуы;
- баланың кенеттен жүгіріп шығуы;
- велосипед, самокат, ролик тебу кезінде бақылаудың төмендеуі.
Балаға:
- көліктің артында немесе астында ойнамау;
- қозғалып тұрған машинаның жанынан жүгірмеу;
- допты жолға қарай теппеу;
- ауладан үлкен жолға рұқсатсыз шықпау керектігін үнемі ескерту қажет.
Әсіресе кішкентай балалардың бойы аласа болғандықтан, жүргізушілер оларды байқамай қалуы мүмкін екенін түсіндіру маңызды.
3. Гаджеттер мен құлаққаптардың қауіптілігі
Қазіргі балалардың көпшілігі көшеде телефон қарап жүреді немесе құлаққап тағып алады. Бұл баланың назарын толығымен басқа жаққа аударып, қауіп-қатерді дер кезінде байқауға кедергі жасайды.
Құлаққап киген бала:
- көліктің дыбысын;
- жүргізушінің сигналын;
- жедел жәрдем немесе полиция көлігінің сиренасын естімеуі мүмкін.
Сондықтан балаға:
«Жолға жақындағанда – телефонды жина, құлаққапты шеш!» деген ережені күнделікті әдетке айналдыру қажет. Ата-аналар өздері де көшеде телефонға алаңдамай, балаға дұрыс үлгі көрсетуі тиіс.
4. Қараңғы уақыттағы қауіпсіздік және фликерлер
Күз және қыс мезгілдерінде күн ерте батады. Тұман, жаңбыр немесе қар кезінде жүргізушіге жаяу жүргіншіні алыстан көру қиынға соғады. Қара түсті киім киген баланы кешкі уақытта байқау өте күрделі.
Осы себепті баланың:
- сырт киіміне;
- мектеп сөмкесіне;
- аяқкиіміне;
- велосипедіне жарық шағылыстырғыш элементтер (фликерлер) тағу ұсынылады.
Фликерлер жүргізушіге баланы алыстан көруге мүмкіндік беріп, апат қаупін айтарлықтай азайтады. Бұл — қарапайым, бірақ өте тиімді қауіпсіздік құралы.
5. Баланы қоғамдық көлікте қауіпсіз ұстау
Қоғамдық көлікте де балаға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қажет.
Бала:
- автобус толық тоқтамай тұрып түспеуі;
- есікке сүйенбеуі;
- терезеден басын шығармауы;
- көлік ішінде жүгірмеуі тиіс.
Автобустан түскеннен кейін бірден жолға жүгіріп шығу өте қауіпті екенін ескертіңіз. Алдымен көліктің кетуін күтіп, жол толық көрінген соң ғана өту керек.
6. Велосипед, самокат және ролик тебу қауіпсіздігі
Жаз мезгілінде балалар велосипед, самокат және ролик тебуді жақсы көреді. Бірақ қауіпсіздік ережелері сақталмаса, бұл да жарақатқа әкелуі мүмкін.
Балаға:
- арнайы алаңдарда тебу;
- үлкен жолға шықпау;
- қорғаныш шлемі мен тізелік кию;
- қозғалыс бағытын сақтау;
- басқа балаларды итермеу керектігін түсіндіру қажет.
Ата-аналар баланың жасына сәйкес көлік құралын таңдап, оны қараусыз қалдырмағаны дұрыс.
7. Ата-ананың жеке үлгісі – ең маңызды тәрбие
Бала көбінесе үлкендердің әрекетін қайталайды. Егер ата-ана жолды рұқсат етілмеген жерден өтсе, бағдаршамның қызыл түсіне жүгірсе, телефон қарап жүріп жол кесіп өтсе бала да мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Сондықтан қауіпсіздік тәрбиесі ең алдымен ата-ананың өзінен басталуы керек.
Баламен бірге жүргенде:
- асықпай жүру;
- жол ережесін сақтау;
- баланың қолынан ұстау;
- қауіпті жағдайларды түсіндіріп отыру маңызды.
Қорытынды
Балалардың жол-көлік оқиғаларына ұшырауының алдын алу – үздіксіз жүргізілетін тәрбиелік жұмыс. Қауіпсіздік ережелерін балаға бір рет айтып қою жеткіліксіз, оны күн сайын қайталап, тәжірибе жүзінде бекітіп отыру қажет.
Баланың өмірі мен денсаулығы – баға жетпес құндылық. Әрбір ата-ана мен педагог баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Жол ережесін сақтау арқылы біз балаларымыздың болашағын қорғаймыз.
Тәрбиеші: Жұмаділ Нуризат Аятқызы